Шырша

Таңғажайып бір ағаш бар әлемде,

Ызғарға да, суыққа да шыдайтын.

Жаңа жылда барша жұртқа, бар елге,

Ұмытылмас қуаныштар сыйлайтын.

Қысы-жазы өзгертпеген түр-түсін,

Бұл ерекше перзенті Жер-ананың.

Құшақ жайып, аялаған жыл құсын,

Көркін ашқан кең-жазира даланың.

Аяздан да, аптаптан да бейхабар,

Сарғайтпаған жапырағын ешқашан.

Табиғаттың төл баласы – шыршалар,

Жандымен де, жансызбен де достасқан.

Кенжеғалиева Жұлдыз

Published in: Қазан 23, 2011: 8:11 pm  Пікіріңізді қалдырыңыз  
Tags:

Өлең жазғанда

Өлең жазу қызық-ақ,

Терең ойды қазамын.

Маржандарын сүзіп-ап,

Ұмытамын азабын.

Қағазға ұзақ төнемін,

Бітпесе екен қаламым.

Аяқталса өлеңім,

Шаттанып ән саламын.

Кенжеғалиева Жұлдыз

Published in: Қазан 23, 2011: 7:57 pm  Пікіріңізді қалдырыңыз  

Барлық-Арасан

Көңіл қойып қарасаң,

Қасиет бар суында.

Табиғаттың  Арасан

Тамашасы шынында.

Қарлығаштар қалықтап,

Ән салады көгінде.

Әсем әуен шарықтап,

Шабыт құяр көңілге.

Таңдай қағып, таң қалған

Жерде – адам, көкте – күн.

Аңсап тұрар барған жан

Саялы тау бөктерін.

Сансыз адам бұл жерден

Шипа тапқан дертіне.

Сонау өткен күндерден

Аңыз жеткен бертінге.

Екі шумақ жазылған

Таңбалы тас тұр мұнда.

Шыңғыс қолы шомылған

Қасиетті суына.

Шежіресі таусылмас,

Айта берсең ұзақ тым.

Қысы – жазы таусылмас

Көзі ыстық бұлақтың.

Жұлдыз Кенжеғалиева

Түн

Түнгі аспан әсері

Көкіректі кернейді.

Жымыңдаған жұлдыздар

Бар әлемді тербейді.

Жолаушыға жол сілтеп,

Бағыт берген шам шырақ.

Ай нұрына шомылып,

Тұрар көкте жарқырап.

Ару қыздай сылаңдап,

Ай өзгертер келбетін.

Әр түн сайын ерекше

Әрлендірер жер бетін.

Жұлдыз Кенжеғалиева

Күн

От жалының алаулап,

Жерге сәуле құясың.

Көк жүзінде манаурап,

Күлімсіреп тұрасың.

Тіршілікке нұр сыйлап,

Жылытасың ғаламды.

Өлі-тірі табиғат

Сенен қуат алады.

 

Жұлдыз Кенжеғалиева

Бұлбұл

Оятады ертерек

Салған әнің шарықтап.

Туған жерге еркелеп,

Ұшасың-ау қалықтап.

 

Жұртты баурап әр әнің,

Бүлкілдейді көмейің.

Құрғап қалса тамағың,

Су әкеліп берейін.

Кенжеғалиева Жұлдыз

Достық жайлы

Дос сенімі ең жоғары

Мәртебе деп білемін.

Адал достар ортасында

Мұңсыз өмір сүремін.

 

Жанарында жылылық бар,

Жүрегінде – мейірім.

Ұмытпаймын достарымды,

Олардың ақ пейілін.

 

Достық жырын бірге шырқап,

Бірге ойнап, күлеміз.

Қиын-қыстау кезеңдерде

Ажырамас іргеміз.

Кенжеғалиева Жұлдыз

Published in: Наурыз 22, 2011: 8:24 pm  Comments (2)  
Tags: ,

Ұлт достығы – ұлы достық

Орыс-қазақ достығының

Шежіресі жыр-дастан.

Ұлт достығы – ұлы достық

Ғасырларға жалғасқан.

 

Көк айдынды қос аққудай

Әсем әнмен тербеткен,

Шөліркеген кең далаға

Қанатымен су сепкен.

 

Бұл достықтың сыры терең,

Бұл – халықтар тілегі.

Домбыраның қос ішегіндей

Бірге соққан жүрегі.

Кенжеғалиева Жұлдыз

Көктем келді далама

Жанарында нұр тұнып,

Күн шашады шуағын.

Кемпірқосақ құлпырып,

Жымыңдайды қуанып.

 

Жер бусанып, жадырап,

Гүлдер өсті жайқалып.

Сылқ-сылқ күліп бал-бұлақ,

Торғайлар жүр ән салып.

 

Аққу қонды жағаға,

Естимісің, балақай.

Көктем келді далама,

Көктем келді, алақай.

Кенжеғалиева Жұлдыз

 

Published in: Наурыз 20, 2011: 10:34 pm  Comments (7)  
Tags: ,

Наурызға тілек

Наурыз тойы құт болсын,

Байлық, бақыт көп болсын.

Берекелі елімде

Кедей адам жоқ болсын.

 

Дастарқандар мол болсын,

Жақсылыққа жол болсын.

Тілегім осы менің  де

Ұлыс күні той болсын.

Кенжеғалиева Жұлдыз

 

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.